АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Гданьск (Польша) ITF W50 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші мажарстандық Амарисса Тотпен бірге ширек финалда Польша өкілдері Оливия Гниевковска — София Гусармен шеберлік байқасты.
Бірінші партия 7:5 есебімен қазақстандық-мажарстандық жұптың пайдасына шешілді. Олар екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ — 6:4.
Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 178-ракеткасы Тимофей Скатов Уимблдон тутниріне өте алмады. Ол іріктеу сайысының финалында екі сағат жарымға созылған тартысты матчта әлемнің 136-ракеткасы, франциялық Кириан Жакеге есе жіберді — 6:7 (5:7), 4:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Уимблдон турнирі іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).