АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Лозада (Португалия) ITF W35 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші белоруссиялық Юлия Хатукамен бірге соңғы бәсекеде ресейлік Полина Яценко – бельгиялық Ханне Вандевинкельмен кортқа шықты.
Бірінші партияда Құламбаева – Хатука 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде ресейлік-бельгиялық дуэт есе қайырды – 6:1.
Супер тай-брейкте Жібек Құламбаева – Юлия Хатука жеңісті жұлып алды – 10:4.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-белоруссиялық жұп 4 брейкке қол жеткізді.
Тағы бір қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің финалында нидерландылық Джой де Зеумен бірге ресейліктер Аглая Федорова – Алиса
Кюммельмен кездесті. Мұнда ресейлік жұптың бағы жанды: 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Португалиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).