АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 427-ракеткасы, 24 жастағы Жібек Құламбаева жекелей сында Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің – 306, осы жарыстың 7-ракеткасы, канадалық Карсон Брэнстинмен кездесті.
Матчты канадалық спортшы сәтті бастады – 6:3. Бұдан кейін Жібек ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 6:1, 6:3.
Тартысты өткен бәсеке 1 сағат 51 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 351-ракеткасы, тағы бір канадалық Виктория Мбоко немесе рейтингіде 431-сатыдағы франциялық Сара Цакаревичтің қай жеңгенімен шеберлік таластырады.
Ж.Құламбаева қазіргі сәтте WTA Live рейтингісінде 413-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы жарыста бір күнде екі матч өткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).