АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 309-ракеткасы Жібек Құламбаева Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W35 турнирінің 1/8 айналымына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген 25 жастағы теннисші бастапқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 758-орында тұрған ресейлік Евгения Бурдинадан айласын асырды.
Жібек 7:5, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Тартысты бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 487-ракеткасы, беларусьтік Юлия Готовкомен таласады.
Өткен аптада Куршумлия-Банядағы осындай додада жекелей сында Ж.Құламбаева жартылай финалға дейін жетіп, ресейлік Алина Чараеаваға жол берген еді – 6:4, 4:6, 1:6.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 306-орынға көтеріліп тұр. Алдағы матчтарын сәтті өткізсе, ТОП-300-ге кіруге мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Юлия Путинцеваның екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).