АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 294-ракеткасы Жібек Құламбаева Куршумлийска Баня (Сербия) ITF W35 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 776-орындағы даниялық Ребекка Мунк-Мортенсенмен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда Жібек 6:4 есебімен басымдылық танытты. Құламбаева екінші сетте де жеңісті уысынан шығарған жоқ – 7:5. Тартысты өткен бәсеке 2 сағатқа созылды.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 795-сатыдағы ресейлік Дарья Астаховамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы жарысты сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Монреаль турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).