АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 427-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей сында Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 915-орында тұрған сербиялық Дуня Маричтің мысын басты.
Бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басым түскеніне қарамастан, Жібек камбэк жасай білді – 6:1, 6:1. Тартысты матч 1 сағат 42 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева екінші айналымда әлемнің 306-ракеткасы, канадалық Карсон Брэнстинмен шеберлік байқасады.
Бір күнде екі матч өткізген соң ба, қазақстандық теннисшінің жапониялық Юки Наитомен бірге жұптық сында жолы бола қоймады. Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген жұп хорватиялық Петра Марцинко – сербиялық Лола Радивоевичке тартысты бәсекеде есе жіберді – 6:4, 4:6, 3:10. Бұл ойын сағат жарымда бітті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Словениядағы турнирдің іріктеу сындарынан сәтті өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).