АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 337-ракеткасы Жібек Құламбаева Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирінде бір күнде екі матч өткізді.
Қазақстандық теннисші сенбі күні алдымен жекелей сында жартылай финалда әлемнің 242-ракеткасы, ресейлік Алина Чараевамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Жібек 6:4 есебімен басым түскенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады – 4:6, 1:6.
Тартысты матч 2 сағат 24 минутқа созылды.
Финалға шыға алмағанына қарамастан, Ж.Құламбаева WTA Live рейтингісінде 309-орынға көтеріліп, ТОП-300-ге жақындап тұр.
Қазақстандық теннисші сонымен қатар жұптық сында ұлыбританиялық Фрея Кристимен бірге финалда ойнады. Қазақстандық-ұлыбританиялық жұп соңғы бәсекеде түркиялық Айла Ақсу – чехиялық Анна Шишковаға жол берді – 4:6, 2:6. Сөйтіп чемпион атана алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Рыбакина Страсбургте биылғы алғашқы титулына қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).