АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W75 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева румыниялық Ирина Барэмен бірге алдымен швейцариялық Алина Гранвер – италиялық Джорджия Педонені қапы қалдырды – 6:3, 6:2.
Жібек пен Ирина ширек финалда румыниялық Елена Руксандра Бертеа – ресейлік Ксения Зайцеваға тап келді.
Екі сет те 6:2 есебімен қазақстандық-румыниялық дуэттің пайдасына шешілді.
Бәсеке 1 сағат 15 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати мастерс турнирінде Елена Рыбакинаның ширек финалда Ига Швентекпен ойнайтынын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін бе, бұл да хабарланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).