АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W35 турнирінің финалында жеңіліп қалды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Ж.Құламбаева — италиялық Николь Фосса Уэрго финалда тайбэйлік Ю-Юн Ли – қытайлық Зонгю Лимен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Тайбэйлік-қытайлық жұп матчты сәтті бастап, 4:1 есебімен алға кетті. Бірінші сетте сол басымдылықты сақтап қалды – 6:2.
Екіншісінде қазақстандық-италиялық дуэт дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:2. Дегенмен супер тай-брейкте тайбэйлік пен қытайлық спортшының бағы жанды – 10:6.
Финалдық бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Анталиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Бахрейн турнирінде бір күнде екі матч өткізіп, финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).