АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 337-ракеткасы Жібек Құламбаева Нави-Мумбай (Үндістан) ITF W50 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 496-орында тұрған жапониялық Хироко Куватамен өткізді.
Брейк алмасумен басталған бірінші партияда Ж.Құламбаева одан кейін 4:1 есебімен алға кетті. Сосын 6:2 есебімен тәмамдады.
Екінші сет те 6:3 есебімен Жібектің пайдасына шешілді.
Ж.Құламбаеваның 1/8 финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Жібек қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 320-сатыға көтеріліп тұр.
Қазақстандық теннисші жұптық сында үндістандық Шривалли Бхамидипатимен доданың 2-ракеткасы болып тіркелген. Олар алғашқы айналымда корт иелері Шехаль Мане – Сонал Патилмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жаңа бапкермен бірге маусымға дайындықты бастағанын жазған едік.
Әмір Омарханов АҚШ-тағы әлемдік жарыстың жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).