АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 422-ракеткасы Жібек Құламбаева Аурангабад (Үндістан) ITF W15 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткасы Ж.Құламбаева екінші айналымда үндістандық Саумия Рондені тізе бүктірді.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелді. Екінші сетте Жібек қарсыласын бет қаратпай ұтты – 6:0. Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 1 428-орындағы тағы бір үндістандық Мадурима Савантпен таласады. Ол екінші айналымда отандасы Яшасвини Панварды қапы қалдырды – 6:3, 7:6 (7:3).
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Яшинамен бірге жұптық сында да өнер көрсетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Чарльстон турнирінде Путинцеваның жарыстың 1-ракеткасымен триллерге татитын матч өткізгенін жазған едік. Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарыстың ширек финалына шықты. Ал АҚШ-тағы турнирде Юлия Путинцева жұптық сында ширек финалға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).