АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлемнің 419-ракеткасы Жібек Құламбаева Нагпур (Үндістан) ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы Ж.Құламбаева жартылай финалда WTA рейтингісінде 573-орында тұрған үндістандық Зил Десаиды сынап көрді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда тай-брейкте Жібек таразы басын аудара білді – 7:6 (7:2). Екінші сет қазақстандық спортшы үшін оңайырақ болды – 6:3.
Жібек Құламбаева финалда рейтингіде 1 159-орындағы тағы бір корт иесі Сонал Патилмен бас жүлде үшін таласады. Үндістандық теннисші жартылай финалда тартысты бәсекеде әлемнің 689-ракеткасы, ресейлік Элина Неплийді жеңді – 1:6, 6:3, 7:5.
Бүгін Ж.Құламбаева ресейлік Екатерина Яшинамен бірге жұптық сында финалдық кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде жұптық сында чемпиондық атаққа таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).