АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 422-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей сында Аурангабад ITF W15 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 1 428-орындағы үндістандық, 20 жастағы Мадурима Савантты сынап көрді.
Небәрі 55 минутқа созылған бәсекеде Жібек қарсыласын тас-талқан етіп ұтты – 6:1, 6:0.
Жібек Құламбаева финалға шығу үшін босниялық Теа Ковачевичпен таласады. Ол ширек финалда даниялық Елена Джамшидиден айласын асырды – 6:1, 6:1.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ж.Құламбаева өткен аптадағы Нагпур додасын қосқанда, жеңіс сериясын 8 матчқа жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде жұптық сында жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева жұптық сында Чарльстон турнирінің финалына шығу үшін таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).