АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 493-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей және жұптық сында Гургаон (Үндістан) ITF турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатыр.
Қазақстандық теннисші жекелей сында екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 1001-сатыдағы жапониялық Ринон Окувакидың 6:4, 6:3 есебімен мысын басты.
Ж.Құламбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 527-ракеткасы, оңтүстіккореялық Ён Ву Кумен шеберлік таластырады.
Жұптық сында үндістандық Анкита Раинамен бірге жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева ширек финалда жапониялықтар Акико Омаэ — Икуми Ямадзакиға қарсы тұрды.
Тартысты өткен матч 7:5, 7:6 (11:9) есебімен қазақстандық-үндістандық жұптың пайдасына аяқталды.
Жібек Құламбаева — Анкита Раина келесі кездесуінде үндістандық Рия Бхатия — жапониялық Митика Озекиді ұтса, финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Дубай ATP 500 турнирінің жартылай финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).