АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Гургаон (Үндістан) ITF турнирінің финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткалары Жібек Құламбаева мен үндістандық Анкита Раина жартылай финалда тағы бір корт иесі Рия Бхатия — жапониялық Митика Озекимен сынға түсті. Қазақстандық-үндістандық жұп 7:5, 6:2 есебімен басымдылық танытты.
Құламбаева – Райна финалда доданың 2-ракеткалары, швециялық Жаклин Кабай Авад – литвалық Юстина Микульскитемен чемпиондық атақты сарапқа салады. Бұл дуэт тартысты бәсекеде оңтүстіккореялық Ён Ву Ку – латвиялық Диана Марцинкевичті қапы қалдырды – 7:6 (9:7), 7:5.
Жекелей сында әлемнің 493-ракеткасы Жібек Құламбаева ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 527-орында тұрған оңтүстіккореялық Ён Ву Куге жол берді – 0:6, 3:6. Бұған Жібектің үш күннен бері күніне екі ойыннан өткізіп жүргені де әсер еткен болуы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Құламбаеваның Үндістандағы жарыста жеңіліссіз келе жатқанын жазған едік. Сондай-ақ қазақстандық теннисші қатарынан 17 матчта жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).