АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі, әлемнің 457-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей сында Амстелвен (Нидерланд) ITF W35 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 365-інші, жарыстың 7-ракеткасы, испаниялық Мария Тейшидо Гарсияға тап келді.
Бірінші партияда Жібек бір брейкті артық жасады — 6:4. Есесіне екінші сетте айқын басымдылық танытты — 6:1.
Бәсеке екі сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
Жібек Құламбаеваның келесі қарсыласы кейін анықталады.
Ж.Құламбаева жұптық сында бельгиялық Полина Бахмуткинамен бірге кеше ширек финалда нидерландылықтар Джой де Зееув — Антония Стояновқа жол берді — 4:6, 6:7 (5:7). Тартысты өткен матч 1 сағат 52 минутта аяқталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Нидерландтағы турнирдің келесі айналымына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).