АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Сен-Годенс (Франция) ITF W75 турнирінің ширек финалына шықты.
Бұл жолы ресейлік Алина Чараевамен жұп құрған Жібек алғашқы айналымда германиялық егіз Таисия және Яна Мордергермен бетпе-бет келді.
Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтты.
Тез аяқталған матч 1 сағат 13 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева – Алина Чараева жартылай финалға шығу үшін чехиялықтар Габриэла Кнутсон – Анна Шишковамен таласады.
Өткен аптада Ж.Құламбаева латвиялық Дарья Семенистаямен бірге Висбаден (Германия) ITF W100 жарысында жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Германиядағы жарыста үздік шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).