Жібек Құламбаева жұптық сында Түркиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Самсун (Түркия) челленджер турнирінде екінші кездесуінде жеңіске қол жеткізді.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші хорватиялық Лучия Чирич-Багаричпен бірге ширек финалда швейцариялық Наима Карамоко — германиялық Нома Ноха Акугемен бетпе-бет келді.

Бұл аталмыш жұптардың өзара алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Жібек пен Лучия брейк жасап, сосын өз геймін де алды — 3:1. Содан кейін тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:3.

Екінші сетте де қазақстандық-хорватиялық жұп 5:3 есебімен алға кетті. Алайда матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ойынды брейкпен аяқтады — 6:4.

Бір сағат 11 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева — Чирич-Багарич эйс жасамағанымен, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Швейцариялық-германиялық дуэт 4 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Жібек Құламбаева — Лучия Чирич-Багарич финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, ресейліктер Екатерина Приданкина — Анастасия Тихоновамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Григорий Ломакиннің Қытайдағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.

Григорий Ломакин өзбекстандық теннисші Сергей Фоминмен бірге Унин (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалында ресейліктер Ярослав Демин — Тимофей Дерепаскоға жол берді — 4:6, 6:7 (3:7).

Бүгін ресейлік жұп финалға шықты.