Бұл туралы СҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңестің күн тәртібінде - СҚО ішкі істер органдарының, сонымен қатар ТЖД мен ҚАЖД жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы.
СҚО ІІД бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов солтүстікқазақстандық полиция жұмысының қорытындысы туралы хабардар етті. Оның мәліметінше, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 9031 қылмыс тіркелген, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 11%-ға төмен. Облыста қылмыстың барлық санаттарының төмендеуінің оң динамикасы байқалды. Бөтеннің мүлкін ұрлаумен күрес мәселелерінде де ілгерілеушілік бар. Барлық дерлік қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарды. Осы жағдайлар СҚО ІІД-нің республикада алдыңғы орындардан көрінуіне мүмкіндік береді.
Полиция ведомствосының басшысы құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлетін жергілікті атқарушы органдардың жан-жақты қолдауын ерекше атап өтті. Сөз соңында, ол 2017 жыл СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жылы екендігіне тоқтала кетті.
Вице-министр, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев кеңес барысында Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығына бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан тұлғаларды әлеуметтік оңалту тұрғысында ішкі істер органдарымен өзара қарым-қатынас жүргізу қажеттігін атап өтті. Пробация қызметі бұл адамдарға жаңа ортаға бейімделуде көмек көрсетуі тиіс. Ал, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру Төтенше жағдайлар департаментіне тапсырылды.
«Құқық бұзушылықтардың алдын алуда және ескертуде көмек көрсету мақсатында, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жергілікті полицияның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін нығайту, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының жұмыс жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Осылайша, 2016 жылы облыс бюджетінен жергілікті полиция қызметі үшін автокөлік пен басқа да техникалық құралдар алуға 514 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы «Қауіпсіз қала» әдісі бойынша бейнебақылау камераларын алуға және орнатуға, Тайынша АІІБ уақытша ұстау изоляторына арналған ғимарат алуға 430 миллион теңге бөлу жоспарланған», - деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз сөзінде. Облыс әкімі полицейлерді қарқынды түрде жұмыс істеуге бағдарлады. Ерік Хамзаұлы жедел-қызметтік жұмысының нәтижесі бойынша үздік деп танылған ішкі істер органдары бөліністерінің басшыларына грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Жиында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Тергеу басқармасы, СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі марапатталды. Аудандық бөліністер арасында Жамбыл, Уәлиханов және Шал ақын аудандарының ІІБ үздік атанды.
Іс-шараның тағы бір ерекше оқиғасы ҚР Ішкі істер вице-министрінің Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментіне ту табыс етуі болды. «...Өз борышына адал қызмет етудің символы болып табылатын ту солтүстікқазақстандық полицейлерді патриоттыққа тәрбиелеу мен кәсіби өзекті нығайтудың ерекше белгісі болады...», - деп атап кетті вице-министр.
Жедел кеңес аяқталған соң полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев бірқатар объектілерге, нақтырақ айтқанда Халыққа қызмет көрсету орталығына, тұрғын үйге мұқтаж полиция қызметкерлеріне жатақхана ашу үшін жоспарланған ғимаратқа, «Динамо» стадионының жөндеуден өткен спортзалына барды.