Жеке мәлімет, интимдік фото-видео: бопсалауға кімдер жиі тап болады

Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада көбіне интернет арқылы бопсалау жиі болады және қысым көрсетушілер жәбір көрушілерден миллиондаған ақша талап етеді. Бұл туралы толығырақ Астана қаласы прокуратура басқармасының прокуроры Саяхат Сұлтанов айтып берді.

— Бопсалау көбіне интернет, яғни әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. Атап айтқанда, жеке мәліметтерді тарату, интимдік фото, видеоларды желіде тарату тағы сол сияқты. Мысалы, өткен жылы тамызда Алматы аудандық полиция басқармасына зардап шеккен азаматтың танысы жүгінді, оның танысынан интимдік фотоларды таратамыз деп ақша бопсалаған, дәл осындай факті Байқоңыр ауданында да тіркелді. Әйелден интимдік фото, видео үшін 3 млн теңге талап еткен. Одан бөлек, Алматы ауданында тағы бір бопсалау әрекеті тіркелді, танысы азаматшадан интимдік хабарламаны желіде таратпауға уәде беріп, 4,7 млн теңге талап еткен. Айыптылар жауапқа тартылды, — деді Саяхат Сұлтанов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бопсалауды көбіне топтасқан адамдар (54%) ұйымдастырады. 

— Криминал әлемінде қылмысты топтасып ұйымдастыру негізгі бағыттардың бірі. Келесі жайт, зардап шегушіге бірнеше адам қысым көрсеткенде, психикаға әсер етеді. Бопсалауға көбіне, отбасы жоқ, тұрақты жұмысы жоқ, дегенмен табысы жақсы адамдар тап болады. Жас ерекшелігіне келсек, көбіне 21-39 жастағы азаматтар және салыстырмалы түрде бопсалауға әйелдер жиі тап болады. Сондай-ақ, 17 мен 60 жас аралығындағы ер адамдар жиі бопсалайды, - деді ол.

Сондай-ақ, прокурор жыл басынан бері (қаңтар, ақпан) елорда аумағында бопсалауға қатысты 12 қылмыстық іс тіркелгенін мәлім етті. 

Айта кетейік, жыл басынан бері бірнеше өңірде бопсалау, тонау, алаяқтықпен айналысқан топ ұсталды, Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды
Сонымен қатар Оңтүстік өңірде бопсалаумен айналысқан топ ұсталды.
Бірер күн бұрын Көкшетауда бопсалаушылар тобы ұсталғанын хабарлаған болатынбыз