Жеке тұлғалардың шетелден жаңа көлікті шектеусіз әкелуі бюджетке жақсы – Қаржы вице-министрі

Фото: Фото: ortcom.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатының алдында шетелден 3 жылға дейінгі жаңа көліктерді елге әкелудің жаңа тәртібі туралы пікір білдірді.

Бұған дейін Қаржы министрі Мәди Такиев аталған мәселені салалық министрлік мамандары тағы бір пысықтап, апта ішінде түбегейлі шешім шығаратынын айтқан еді.

«Біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндірмесін халыққа жеткіздік. Бұл саясат неге сол министрлік тарапынан жүргізіледі. Қауіпсіздік шараларын, қадағалау, сертификаттау қалай болатынын, бәрін жинап, түсіндірме ретінде салық төлеушілерге жеткізіп жатырмыз. Бірақ түпкілікті мәселе салалық заңнама арқылы реттелетін болғандықтан. Бізден басқа екі министрлік түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек болған. Релиз таратып, солай жұмыс істейміз деп келіскен болатынбыз. Әрине, халық шуламау үшін салмақты шешім қабылдану керек деп ойлаймыз», - деді Ержан Біржанов.

Вице-министр бұл бір аптаның ішінде шешім қабылдай салатын мәселе емес екенін айтады.

«Бұл мәселені шешу үшін заңнамадағы өзгерістерді деп қарастыру керек. Себебі ол бір аптада қабылданатын мәселе емес. Жеке тұлғаларға көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін СБКТС (көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік) деген құжат беріледі. Ал заңды тұлғаларға ОТТС (көлік құралының типін мақұлдау сертифиакаты) деген құжат беріледі. Екіншіден, ОТТС-ті алу үшін декларант көлікті өз атына рәсімдеу керек. Яғни, сенімхат арқылы емес өз атына тіркеп қана әкеле алады. Сол сұрақ туындап тұр. Үшінші сұрақ бір жеке тұлға бір жылда бір көлік қана кіргізе алады деген мәселе. Бірақ Кеден кодексіне байланысты екі режим көрсетілген. Бірі – жолаушы декларациясы арқылы. Жалпыға бірдей таратылған режим бойынша да кеден және салық төлемдерін толтырып кіргізе алады. Бұл жерде сілтеме жасалып жүрген 2015 жылғы бұйрықтың мәні мынада. Мысалы, ұшақпен басқа елден кіргенде өзіңізбен бірге екі IPone немесе бір тон ғана кіргізе аласыз. Одан көп болса кедендік рәсімнен толық өткізу керек деген талап қойылып жатады. Егер кедендік рәсімдерді төлесе, жеке тұлғалар жалпыға бірдей режиммен де толтыра алады. Бұл бюджетті жақсы – ақша түседі. Сондықтан шектеу жағдайларын енгізу талқылауға жататын мәселе деп отырмыз», - деді Қары министрінің орынбасары.

Осыған дейін БАҚ-та 1 желтоқсаннан бастап жеке тұлғалардың шетелден 3 жылға дейінгі жаңа көлік кіргізуіне тосқауыл қойылатыны туралы мәлімет тарап жатқанына байланысты Қаржы министрі Мәди Такиев осы ақпаратқа түсініктеме берген еді.