Жекелеген мекемелердің кәріз суы ескірткіге тексерілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жоғары оқу орындарының сарқынды суын есірткіге тексеру жобасы туралы пікір білдірді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

- Бұл тәсіл Астана қаласының мысалында шынымен де сынақтан өткізілді. Онымен басқа министрліктегі әріптестеріміз айналысты. Әрине, ондай тәсіл де керек. Сарқынды суға талдау жүргізу арқылы есірткі қолданушылардың бар-жоғын анықтайтын тәсіл шынымен бар. Бірақ қаражатты қажет етеді, - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ әзірге бұл тәсіл ІІМ жұмысына енгізілмегенін айтты.

- Оның үстіне заңнама тұрғысынан негіз керек. Ол мәселені біз есірткімен күрестің 2026-28 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгіземіз. Қазір осы тәсілді енгізіп жатырмыз деп айта алмаймыз. Тек талқылау, жоспарлау сатысында тұрған мәселе бұл, - деді Қуандық Әлжанов.

Атай кетейік, Ішкі істер министрлігі есірткі плантацияларын оңай анықтау үшін 2026-2028 жылдары дрон сатып алмақшы.