Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, «Bilimge» бірыңғай қаржыландыру порталы негізінде пилоттық жобаны іске асырудың арнайы тетігі енгізілген.
— Порталдың негізгі мақсаты — барлық әкімшілік процесті цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына кепілдік беру, — деді вице-министр.
Сонымен қатар ол жекеменшік мектептер санының қарқынды өсуі бұрын қолданылған қаржыландыру тетігіндегі бірқатар жүйелі кемшіліктердің бар екенін көрсеткенін атап өтті.
Вице-министрдің дерегінше, 2020–2025 жылдар аралығында жекеменшік мектептердің саны 203-тен 745-ке дейін өсіп, 3,7 есеге артқан. Ал оқушылар контингенті 53 мыңнан 297 мыңға дейін көбейген.
Оның айтуынша, бұл үрдіс қаржыландыру жүйесіне түсетін жүктемені айтарлықтай арттырып, қолданыстағы модельді жаңғырту қажеттігін айқындаған.
Сондай-ақ спикер өткен жылы қаржылық рәсімдердің ашықтығын күшейту, бақылауды арттыру және бюджет қаражатын әкімшілендіруге бірыңғай тәсілді енгізу мақсатында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы Қаржы министрлігінің қарамағына берілгенін еске салды.
Айта кетейік жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі жаңартылып жатыр.