Жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша анықталған заңбұзушылықтар 13 млрд теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жаңа қаржыландыру тетігі мен жүргізілген аудит нәтижелеріне тоқталды.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Оның айтуынша, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бұрынғы кезеңдер бойынша тексеру жүргізіп, 2026 жылдың сәуірінде аяқталған аудит қорытындысы бойынша 13 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтар анықталған.

Вице-министр заңбұзушылықтардың негізгі бағыттарын атап өтіп, қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Бірінші мәселе – бұрынғы жүйеде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілмегені.

– Жекеменшік мектептердің дамуы жасанды түрде бұрмаланып, бастауыш буынға бағытталған. Әрбір үшінші мектеп тек 1-4 сынып оқушыларына арналған форматта ашылған, – деді ол.

Оның дерегінше, соның салдарынан 2024 жылы оқушы орындарының тапшылығы жоқ 7 өңірге, соның ішінде Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және өзге облыстарға 1,8 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Вице-министр жаңа пилоттық тетік аясында мемлекеттік тапсырысты орналастыру өкілеттігі жергілікті білім басқармаларына берілгенін атап өтті.

– Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік тапсырысты орналастыру өкілеттігі Білім басқармаларына берілуіне байланысты, пилоттық жобада оқушы орындарына қажеттілікті тікелей жергілікті атқарушы органдардың анықтауы нақты көзделген. Егер мемлекеттік мектептерде орын профициті байқалса, әкімдіктің жекеменшік мектеппен шарт жасаспауға құқығы бар. Бұдан былай қажеттілік жоқ өңірлерге бюджет ақшасы берілмейді, – деді Дәурен Темірбеков.

Екінші мәселе – оқушылар контингентін жасанды түрде ұлғайту фактілері.

– Оқушылар контингентін 261 млн теңгеге жасанды түрде асыра көрсету фактісі анықталды – 41 мектепте 1200-ден астам оқушы «қосып жазылған», – деді вице-министр.

Мысал ретінде Алматы облысында бір мектепте 90 оқушы артық есепке алынып, 29,4 млн теңге залал келтірілгені, ал Астана қаласында бір мектепте 75 оқушы артық көрсетіліп, 18 млн теңге шығын анықталғаны айтылды.

Сонымен қатар балалардың бір оқу жылында 12 ретке дейін негізсіз ауысу жағдайлары тіркелген.

– Деректерді толық цифрландыру жүргізіліп, «e-Qazyna» жүйесінің үлгерімді есепке алу жүйелерімен және басқа да мемлекеттік органдардың дерекқорларымен автоматты интеграциялау қамтамасыз етілді, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, енді оқушылар контингентін тексеру нақты уақыт режимінде жүргізіледі.

– Адами фактор мен қолмен қосып жазу мүмкіндігі техникалық тұрғыдан толық жойылды, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі жаңартылып жатыр.