Вице-министрдің айтуынша, жекеменшік мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжат — шарт болып есептеледі. Онда оқу процесінің мәні, мерзімі, төлем тәртібі және тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетіледі.
— Шарт — негізгі құжат, онда білім беру қызметінің мәні, мерзімдері, төлем тәртібі, ата-аналардың жарнасы көлемі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалады, — деді Жайық Шарабасов.
Сонымен қатар ол мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік мектептер үшін ата-аналардан алынатын оқу ақысының мөлшері заңнамамен шектелетінін атап өтті.
— Мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік мектептерге қатысты айтар болсақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын мектептерде ата-аналардан алынатын төлем мөлшері 1200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс, — деді вице-министр.
Айта кетейік, жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша анықталған заңбұзушылықтар 13 млрд теңгеден асқаны белгілі болды.