Жекеменшік және мемлекеттік колледж педагогтерінің жалақысы теңестіріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жекеменшік және мемлекеттік колледж педагогтерінің жалақысы теңестіріледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Министрлер кабинеті берген жауапта айтылған.
- 2024 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі (бұдан әрі - ТжКБ) ұйымдарына жүргізілген түгендеудің қорытындысы бойынша 195 колледж (119 мемлекеттік, 76 жекеменшік) бейіндеуден өтті. Бұл кадрларды даярлау бағыттары бойынша оңтайландыруды да көздейді. 2020 жылдан 2023 жылға дейін ТжКБ ұйымдары педагогтерінің жалақысы 2 есеге (2019 жылғы 170 599 теңгеден 2023 жылы 323 501 теңгеге дейін) өсті, - делінген жауапта.
Қазіргі уақытта жұмыс тобы кадрларды даярлау сапасын арттыруды ынталандыруға, колледждердің халықаралық салалық кәсіптік қоғамдастықтардың талаптарына (салалық аккредиттеу) сәйкестігін бағалау рәсімінен өтуіне, дуальды оқытуға, шетелдік ұйымдармен стратегиялық әріптестікті дамытуға баса назар аудара отырып, ТжКБ жүйесін сараланған қаржыландыру тәсілдерін әзірледі. Осы мақсатта ТжКБ-ны жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне жан басына шаққандағы норматив мөлшерін екі есеге ұлғайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді. Яғни, орта есеппен 2024-2025 оқу жылындағы 437 мың теңгеден 2025-2026 оқу жылында 913 мың теңгеге дейін артады.
- Сондай-ақ жан басына шаққандағы нормативтің ұлғаюы жекеменшік ТжКБ ұйымдары педагогтері жалақыларының мөлшерін мемлекеттік колледждер педагогтерінің еңбекақысы деңгейімен теңестіруге мүмкіндік береді. Шамамен 149,9 млрд теңге сомасындағы тиісті шығыстар Республикалық бюджет комиссиясының осы жылғы 9 желтоқсандағы отырысында қолдау тапты, - делінген Үкімет жауабында.
Колледждерде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізілетінін жазған болатынбыз.