Желбіре, көк байрағым – Қоғамдық орындарға он мыңнан астам Ту ілінді
АСТАНА. KAZINFORM – Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде он мыңнан астам Мемлекеттік Ту желбіреп тұр. «AMANAT» партиясының «Менің елім – менің Туым» акциясы осымен төртінші жыл ұйымдастырылды және оған белсенділер, еріктілер мен барлық тұрғындар қатысты.
Биылғы акцияда тұтас ел бойынша қалалар мен ауылдарда, мектептерде, аулаларда және өндіріс орындарында Ту ілу жоспарланған. Үйдің, көліктің немесе дүкеннің алдындағы желбіреген Ту – елге деген мақтаныш сезімнің және болашаққа сенімнің белгісі.
– Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанына 35 жыл толады. Бұл құжат – Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, демократия, билікті бөлу, теңдік пен еркіндік қағидаттарын айқындаған алғашқы тарихи акт. Сондықтан да бұл акцияның мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Республика күні халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді, – дейді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова.
Оның айтуынша, аталған акция жастар қауымы үшін аса маңызды. Желбіреген әрбір ту – саналы таңдаудың белгісі. Патриотизм ең алдымен туған жерге, елге адал қызмет етуден басталады.
Жалпы Астана көшелерінде мыңға жуық ту ілініп тұр. Патриоттық акция жыл сайын өткізіледі. Бұл акция елорда көшелерінде жүрген астаналықтар мен қала қонақтарына жүрек тебірентер әсер сыйлады.
Түрлі өңірде өтіп жатқан бұл акция халық арасында бірлік пен патриотизмнің нағыз мерекесіне айналды. Адамдар суретке түсіп, әлеуметтік желілерде бөлісіп, үйлерін, аулаларын безендіріп, елге деген сүйіспеншілігін көрсетіп отыр. Кәсіпкерлер де шет қалмай, туды дүкендерге, мейрамханаларға, цехтар мен шаруа қожалықтарына ілуде.
Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік рәміздерін орналастыру туралы ережеге сәйкес, азаматтар өз үйлерінің ғимараттары мен балкондарында патриоттық сезімдерін білдіру және Ұлттық жетістіктерді қолдау мақсатында мемлекеттік туды пайдалануға құқылы. Дегенмен мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың белгіленген стандарттарын сақтау қажет.
Бұған дейін Республика күні Астанада 150-ге жуық мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өтетінін жазған едік.
Алматыда да Республика күніне арналған ауқымды мерекелік бағдарлама басталды.