Желтоқсан айынан бастап берілетін жеке куәлік қандай болмақ? - ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы 23 қазанда «Қазақстан Республикасы азаматы паспортының, Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің, босқын куәлігінің үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 шілдедегі № 684 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1133 қаулысымен иесінің түрлі-түсті фотосуретімен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің үлгісі бекітіліп, 2014 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жаңа үлгідегі жеке куәліктердің шығарылуы жоспарланды, деп хабарлайды КР ІІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы азаматының жаңа жеке куәлігінің дизайны өзгертіліп, қара-ақ түсті фотосурет түрлі-түсті фотосуретке алмастырылып, құжаттың түс гаммасы, ашықтығы және анықтығы жақсарды.

Жеке куәлікті жасанды жасаудан қорғаудың барлық деңгейлері сақтала отырып, жаңа элементтермен толықтырылған.

Атап айтқанда, құжатты қорғаудың қосымша элементі енгізілді: жеке куәліктің беткі жағының оң жағында кішірейтілген түрде құжат иесінің голографиялық суреті орналасқан, бұл жеке куәліктерді жасанды жасаудан қорғаудың ең жоғарғы деңгейін көрсетеді.

«Қазақстан Республикасы азаматының паспортының, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің, босқын куәлігінің үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 шілдедегі № 684 қаулысының 2-тармағына сәйкес, осы қаулы қолданысқа енгізілген күнге дейін әзірленген ескі үлгідегі Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліктері, олардың қолданыс мерзімі аяқталған мерзімге дейін жарамды болып табылады.

Осылайша, түрлі-түсті фотосуретпен жеке куәліктерге ауыстыру азаматтардың қалауы бойынша жүзеге асырылатын болады.

Жаңа жеке куәлікті беру үшін мемлекеттік баж салығы бұрынғыдай айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызы көлемінде, қазіргі уақытта 370,4 теңгені құрайды.