АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жем қаласындағы бұрынғы қатаң тәртіптегі колонияның аумағына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшесі орналасады. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен вице-адмирал Жандарбек Жанзақовтың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бас штабы бастығының орынбасары, вице-адмирал Жандарбек Жанзақовты қабылдап, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Яғни, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жем қаласындағы бұрынғы қатаң тәртіптегі колонияның аумағына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшесін орналастыру мәселесін талқылады. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар осы жобаны жүзеге асыруға барлық қажетті қолдауды көрсететінін атап өтті.
«Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ортақ іс. Сондықтан Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі», - деді Оңдасын Оразалин.
Кездесу соңында Жем қаласын дамыту үшін бірлесіп күш жұмсауға келісті.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.