Жемқорлықтың алдын алуда тәлімгерлік институтының маңызы ерекше - Дархан Жазықбай

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ардагерлері кеңесінің конференциясы өтті. Оған сала ардагері, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер қатысты.

Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Конференцияда адалдық мәдениетін қалыптастырудағы Ардагерлер кеңесінің рөлі, тәлімгерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Алдыңғы буын ардагерлер тәжірибесін кейінгі жеткіншектерге үлгі-өнеге ретінде ұсынудың маңыздылығы аталды.

Көпшілікке мәлім, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірқатар функциялары мен өкілеттіктері берілген болатын. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру, осы саладағы іс-қимылдарды үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеттері жүктелді. Ал жемқорлықпен күрес секілді кешенді идеологиялық жұмыста дәстүр сабақтастығының маңызы ерекше. 

Іс-шара барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай: «Жемқорлықтың алдын-алу шараларын тұрақты түрде жетілдіруде тәлімгерлік институтының маңызы ерекше. Жемқорлыққа қарсы қызмет ардагерлері кеңесінің тәжірибесі – жас мамандарды қолдау, тәжірибе алмасу, кәсіби дәстүрлерді нығайту мен сабақтастық үшін өте маңызды рөл атқарады» – деді. 

Конференция қорытындысы бойынша тараптар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін нығайту бағытындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

Айта кетейік, Қазақстан ЭЫДҰ алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформа нәтижелерін таныстырды.