Женевада АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің екінші раунды аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM - Женева қаласында АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты жанама келіссөздердің екінші раунды қорытындыланды. Тараптар ықтимал келісімнің негізгі параметрлері бойынша ортақ түсінікке келгенімен, мәмілені жақын арада бекіту туралы әңгіме қозғалған жоқ. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлады.
Келіссөздер Оманның араағайындығымен Женева қаласында өтті. Кездесу аяқталғаннан кейін делегациялардың кортеждері Оманның БҰҰ жанындағы елшісінің резиденциясындағы келіссөз өткен жерден шықты.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кездесуден кейін тараптар алдағы жұмыстың негізіне айналатын негізгі «бағдар беруші қағидаттар» бойынша ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, құжат жобаларымен алмасқаннан кейін тараптар келіссөздердің үшінші раундының мерзімін айқындайды. Арагчи диалогты «конструктивті» деп бағалай отырып, қол жеткізілген жетістіктер мәміле тез арада жасалады дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Тараптардың ұстанымы
Тегеран келіссөздер тек ядролық бағдарлама мен АҚШ санкцияларын алып тастау мәселелерін қамтуы тиіс деп есептейді. Иран тарапы бұған дейін уран байытудан толық бас тартпайтынын және зымыран бағдарламасын талқылауға дайын емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Вашингтон керісінше, келіссөздердің күн тәртібін кеңейтуге, соның ішінде зымыран әзірлемелері мен Иранның аймақтық белсенділігі мәселелерін енгізуге мүдделі екенін білдіріп келеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөз үдерісіне жанама түрде қатысып отырғанын айтып, Тегеранның келісімге қол жеткізуге мүдделі екеніне сенім білдірді.
Иранның рухани көшбасшысы, аятолла Али Хаменеи АҚШ-тың елдегі билікті өзгертуге бағытталған кез келген әрекеті сәтсіздікке ұшырайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Арагчи АҚШ-ты Иранға қарсы күш қолдану қатерін дереу тоқтатуға шақырды.
АҚШ пен Израиль Иран ядролық қару жасауға ұмтылады деп есептейді. Ал Тегеран өз бағдарламасының бейбіт сипатта екенін алға тартып, бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Еске салайық, жанама келіссөздердің алғашқы раунды Оманда өтіп, Иран тарапы оны «жақсы бастама» ретінде бағалаған болатын.