Жеңіс күнінде Ақтөбенің орталық саябағы майдан даласына айналды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Жеңісті жақындатқан майдангерлер» атты театрландырылған көрініс болды. Саябақ іші бүгін майдан даласына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы орталық саябақ іші бүгін майдан даласын еске түсірді. Ұрыста жараланған жауынгерлер, оларға медициналық көмек көрсетіп жүрген медбикелер, жарасын таңып беру, көмектесу. Жас туристер стансасы бүгін 18 жасында соғысқа аттанып, оқ тиген, ауыр жараланған жауынгерлерге көмек көрсету көрінісін көрсетті.

 

«Бүгінгі күнге дайындалып, майдан даласындағы медбикелердің жұмысын көрсеттік. Біз соғысқа аттанып, қаза болған азаматтарды үнемі есте сақтап, олардың ерлігін құрметтеуге міндеттіміз. Біз соғыс көрмеген ұрпақпыз. Көрініс майдан даласына ұқсағанымен, дәл сол қиын күндерді анық жеткізе алмасымыз анық. Тілегіміз, еліміздегі тыныштық бұзылмасын», - деді қалалық жас туристер стансасының әдіскері Үмітжан Дастанова. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент атындағы саябақта екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен Халық қаһарманы Роза Бағланова жайлы көрініс қойылды. Соғыс жылдарында солдаттарды ерлікке жігерлендірген әншінің ерекше әуезді дауысын бүгін ақтөбеліктер де естіді. Саябақ ішінде дәстүрлі дала асханасы солдат ботқасын таратты. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының ұжымы КП-130 техникасын саябаққа әкеліп, қарақұмық ботқасын пісірді. Дастарханға Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері шақырылып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев асханадан дәм татты.

 

«Соғыс кезіндегі дала асханасын еске түсірсін деген оймен ұйымдастырушылар табақ-табақ етті ысырып қойып, солдат ботқасын әзірледі. Ардагерлерімізге денсаулық тілейміз. Арамызда жүре беріңіздер. Сіздер арамызда жүрсеңіздер елімізде ынтымақ, бірлік, тыныштық болады. Еліміз, мемлекетіміз дамиды. Бүгін 20 мыңға жуық адам шығып, көше бойымен жүріп өтті, ескерткіштерге гүл қойды. Ал кейбір жастар балконнан қарап тұрды. Концертке қарап тұрмай, қосылып, бірге атап өтуі керек. Балаларымызды осыған тәрбиелегеніміз жөн», - деді Б.Сапарбаев. 

   

Соңғы жаңалықтар