Іс-шараға ведомство қызметкерлері де қатысып, қазақстандық батырларға тағзым етті. Қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.
Айта кету керек, Жеңіске лайықты үлес қосқан майдангерлер арасында Қазақстан прокуратура органдарының өкілдері де аз болмаған. Олардың қатарында аты аңызға айналған қолбасшы, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, сондай-ақ Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров, Мұса Баймұханов, Садық Әбдіжапбаров бар.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, 18 жыл бойы Қазақ КСР прокуратурасын басқарған Өтеген Сейітов те ерекше құрметке ие.
Сонымен қатар биыл 103 жасқа толған Халық қаһарманы, соғыс ардагері Иван Степанович Гапич прокуратура органдары үшін айрықша мақтаныш саналады.
Гүл қою рәсімі барысында Берік Асылов тарихи жадыны сақтау, майдангерлердің ерлігіне құрмет көрсету, сондай-ақ жас ұрпақты патриотизм мен «Адал азамат» қағидаттарына - заңға, қоғамға және өз еліне адал, әділ әрі жауапты азамат болуға тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Осындай еске алу шаралары осы күндері еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әскери дипломаттар Қытайда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.