Жаңа пошта маркасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған ядролық қарудың жойылуына қолдау көрсететін АТОМ (Abolish testing - our mission) жобасына арналған.
«АТОМ Жобасы - Президент Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздандыру және қоғамдық дипломатия саласындағы маңызды бастамасы. Бұл бастаманы Елбасы 2012 жылдың 29 тамызында «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - бейбітшілікке, ядролық қарудан - еркіндікке» атты халықаралық конференциясында көтерген болатын», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко марканың ресми таныстырылымында.
Сонымен бірге, Р. Василенко Қазақстанда шетелдік серіктестермен бірге ядролық қаруға қарсы күрес күніне арналған ірі халықаралық шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді. 29 тамыздан 1 қыркүйекке дейін Астанада ҚР СІМ мен шетелдік саяси және қоғамдық-сарапшылық топ өкілдерінің қатысуымен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Шартты ұйымдастырудың (ЯСЖТШҰ) төрткүндік конференциясы өтеді.
Ал ертең Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ядролық сынақ құрбандарына арналған «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашады.
Өз кезегінде, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков АТОМ Жобасының мақсаты әлем бойынша ядролық қару сынақтарын түпкілікті тоқтату және әлемді ядролық қарудан босатуда адамдарды біріктіру екенін атап өтті.
«АТОМ Жобасының сайтында ел көшбасшыларынан ядросыз әлемді құру талап етілген петиция орналастырылды. Оған әлемнің 100 елінен 312 мыңнан астам адам қол қойды. Біздің ендігі мақсатымыз - 1 миллион қол жинау. Егер сіздер әлі де қосылмаған болсаңыздар, жобаның www.theatomproject.org сайтындағы петицияға қол қойсаңыздар болады. Сол арқылы ядролық қарусыз әлемді құруға үлес қоса аласыздар», - деді К. Күйіков.
АТОМ Жобасының «Жер бетіндегі өмір үшін» пошталық маркасы офсеттік баспамен көк және сары түсті бояуда жасалған. Перфорациясы ирек тәрізді, тиражы - 20 000 дана.