Жер дүмпуіне байланысты хабарландырудың жұмыс алгортимі тексеріледі — ТЖД

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тұрғындарына жер сілкінісіне байланысты ескерту келіп, қалада сиреналар ойнады. 

Алайда әлеуметтік желіде алматылықтар жер дүмпуі сезілмегенін айтып жатыр. Kazinform тілшілері байқағандай қала ішінде дүрбелең не адамдар жаппай далаға шығып кеткен жоқ.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті сейсмодатчиктердің деректері бойынша Қырғызстан аумағында сейсмикалық белсенділік тіркелгенін хабарлады. Бірақ ол халық пен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмеді.

— Сейсмикалық оқиға туралы хабарлама автоматты түрде жіберілді. Бұл хабарлама жүйенің тестілік режимдегі жұмысының бір бөлігі және қате емес. Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының датчиктері мен жабдықтарын MassAlert жаппай хабарлау жүйесіне байланыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлады ТЖД.

Ресми мәліметіне сәйкес, мамандар сейсмикалық станциялар мен датчиктерді зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды.

— Халыққа жолданатын хабарламалар болашақта барынша нақты әрі түсінікті болуы үшін параметрлер мен алгоритмдерді нақтылау және баптау жұмыстары жүргізілуде, — деп мәлімдеді департамент.

Еске салайық, ҚР ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2025 жылғы 23 қазанда Астана уақыты бойынша 12:20 жер сілкінісін тіркелді. Жер сілкінісі ошағы Қырғызстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 136 км жерде орналасқан.

Биыл қыркүйек айында да жер дүмпуіне байланысты MasАlert жүйесі автоматты түрде іске қосылған еді.