Жер комиссиясы мемлекетке 12,8 млн гектар жерді қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекетке қайтарылған жерлер шаруаларға жайылымға беріліп жатыр және конкурстық негізде жалға беріледі. Пайдаланбай жатқан жерді мемлекетке қайтару және қайта бөлу мәселесі туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал жолдаған едік.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 28 сәуірде пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия құрылды. Комиссия құрылған сәттен бастап барлық облыста мүдделі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, ведомствоаралық топтар іске кірісті.
Жалпы комиссия құрылған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекетке 12,8 млн га жер қайтарылды.
- 2022 жылы – 5,4 млн га
- 2023 жылы – 4,6 млн га
- 2024 жылы – 2,2 млн га
- 2025 жылы – 586,9 мың га.
2022-2024 жылдары заңсыз пайдалануға берілген және пайдаланбай жатқан жерді мемлекетке қайтару бойынша көш бастап тұрған өңірлер:
- Қарағанды (1,9 млн га)
- Ақтөбе (1,1 млн га)
- Қостанай (1,06 млн га).
Жер қандай жағдайда мемлекетке автоматты түрде қайтарылады?
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 81-бабына сәйкес жер учаскесiне жеке меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
- меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген жағдайда;
- меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан жағдайда;
- жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады.
Сондай-ақ жер пайдалану келесі жағдайда тоқтатылуы мүмкiн:
- учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;
- жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
- жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (Жер кодексінің 41-бабы);
- жер пайдаланудың бастапқы бес жыл мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерден тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруы.
- Жайылым тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, бірінші кезекте мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлер жайылымға ауылдарға беріліп жатыр. Мемлекетке қайтарылған жер учаскелері халықты ортақ пайдаланылатын жерлермен қамтамасыз еткеннен кейін ғана конкурсқа шығарылады, - деген жауап алдық министрліктен.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес 2022 жылдан бастап мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 5,3 млн га жергілікті халыққа қайта берілді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары үшін мал жаюға 2 млн гектар жер бөлінді, қалған 3,3 млн га жер учаскесі конкурстық негізде қайта пайдалануға берілді.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығымен айналысуы үшін жерді пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының 23-тармағына сәйкес ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Жерді мақсатсыз пайдаланған жағдайда қандай жауапкершілік бар?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 339-бабына сәйкес жер учаскелері меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың жерді нысаналы мақсатына сай емес, ауылдарда функционалдық аймаққа сәйкес емес пайдалану жөніндегі міндеттерді орындамаса ескерту жасалады.
Заң бұзушылық анықталған кезде, жеке тұлғаларға – 5 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде қайталанған жағдайда, жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 60 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Айта кетсек, сәуірде Абай облысында 64,2 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сондай-ақ Қызылордада мемлекет меншігіне өткен жер шаруаларға беріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Еске салсақ, былтыр Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитет жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша жер заңын бұзғандардың үстінен 3,7 мың әкімшілік іс қозғалып, 500 млн теңге айыппұл салынған.
Өткен жылы елімізде жерді адал пайдаланушыларды анықтау үшін құқықтық негіз құрылатыны айтылды.