Жер сілкінісінің дүмпуі жеткен провинцияларда 13,5 млн адам тұрады – Түркия Елшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи елдің оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісі 13,5 миллионға жуық адам тұратын аумақты қамтығанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Астанадағы елшілікте өткен брифингіде мәлім етті.

Елші сөзінің басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін елшілікке келіп, көңіл айтқанын еске салды. Сондай-ақ, ол Түркиядағы қазіргі аухал туралы ресми мәлімет беру үшін осы брифингіні ұйымдастырғандарын атады.

«Соңғы рет Түркияда осындай жойқын жер сілкінісі 100 жылдай уақыт бұрын болған еді. Ақпарат түскен сәттен бастап ел президенті, басқа да үкімет өкілдері қажетті ұйымдастыру жұмыстарын дереу қолға алды. Түркияда барлығы 648 сілкініс тіркелген.

Бұл сілкіністер елдегі 10 провинцияға әсер еткен. Бұл провинцияларда 13,5 миллионға жуық адам тұрады. Жер сілкіністерінің ауқымы 1 мың шаршы шақырымға жуық», - деді Елші.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне келіп, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Анадолу агенттігінің мәліметінше, Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 6234-ке жетіп, 37 011 адам жарақат алған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда үш қазақстандық іздестіріліп жатыр.


Фото: Анадолу Агенттігі