Жер сілкінісі: Камчаткада тәулік ішінде 14 афтершок тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Камчатка өлкесінде соңғы тәулікте 14 жер асты дүмпуі – афтершок тіркелді. Оның бірі елді мекендерде сезілген. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар жөніндегі бас басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Тәулік ішінде магнитудасы 3,5-тен 5,3-ке дейінгі 14 афтершок болды. Елді мекендер аумағында бір жер асты дүмпуі сезілді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар өңірде бірнеше жанартаудың белсенділігі жалғасып жатыр. Олардың қатарында Безымянный, Шивелуч, Ключевской, Карымский, Крашенинников және Камбальный жанартаулары бар.
Төтенше жағдайлар қызметі Камчатка тұрғындары мен қонақтарын аталған жанартауларға жақындамауға шақырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Камчаткада бір тәулікте 130-дан астам жер сілкінісі тіркелгенін жазғанбыз.
Ал жуырда осы өңірде жер сілкінісінен кейін жанартау оянды.