Ол кезде 22 жаста болған Арну Депардьенің Париждегі үйіне пьесаға дайындалу үшін барғаннан бірнеше күн өткен соң зорлық көргенін мәлімдеген. Актер оның әкесімен дос болған. 2018 жылғы 7 тамызда болған кездесуден кейінгі оқиғалардың біразы үйдегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Алғашында дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты Арнудың арызы қабылданбады. Алайда актриса бұл шешімге шағым түсіріп, 2020 жылдың жазында іс бойынша ресми тергеу басталды.
Арну 77 жастағы Депардьені екі рет зорлады деп айыптап отыр. Алайда апелляциялық сот екі эпизод бойынша әртүрлі шешім қабылдады. Актер 7 тамыздағы оқиға бойынша сотқа тартылады. Ал одан алты күн өткен соң қонақүйде болған деген екінші зорлау эпизоды бойынша сот болмайды.
Депардье екі айыпты да жоққа шығарады. 2023 жылы Le Figaro газетінде жарияланған ашық хатында актер Арнумен қарым-қатынасында ешқандай мәжбүрлеу немесе зорлық болмағанын мәлімдеген.
Арну өз есімін жариялауға келісім берді. Оның адвокаты Карин Дюрье Дьеболь Депардьенің сотқа тартылуын тарихи оқиға деп атады. Ол сот ғимаратының алдында журналистерге Арнудың апелляциялық сот шешімінен кейін көңілі орнына түскенін айтты.
Ал Депардьенің адвокаты Давид-Оливье Камински журналистерге сот шешімінің бір бөлігі қорғауындағы актердің пайдасына шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, олар бұл шешімге келесі сот сатысында шағым түсіруі мүмкін.
Жерар Депардье бірнеше онжылдық бойы француз және әлемдік киноның жұлдызы болды. Осыдан 30 жыл бұрын француз кинематографиясына сіңірген еңбегі үшін ол Құрметті легион орденімен марапатталған. Алайда кейінгі жылдары #MeToo қозғалысы аясында бірнеше әйел актерді түсірілім алаңында және басқа да жағдайларда жыныстық сипаттағы зорлық жасады деп айыптады. Францияда бұл қозғалыс balance ton porc («мына оңбағанды әшкереле») деген атаумен танымал.
Былтыр Депардье Парижде 2021 жылы «Жасыл жапқыштар» (Les Volets Verts) фильмінің түсірілімі кезінде екі әйелге күш көрсеткені үшін 1,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол жыныстық сипаттағы құқықбұзушылық жасағандар тізіміне енгізіліп, жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алдыңғы аптада актер осы үкімге қатысты апелляциялық шағымын қайтарып алып, талап қоюшылардан «шын жүректен кешірім сұрады».
Бұдан бөлек, Депардье жазушы Мишель Уэльбекпен бірге тағы бір іске қатысты тергеу нысанына айналды. Өткен аптада Франция билігі олардың 2018 жылы Thalasso («Спа») фильмінде бірге түскен актрисаға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деген айып бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Актриса Депардье мен Уэльбекті «топ болып зорлады» деп айыптайды. Оның аты-жөні ресми түрде жарияланған жоқ. BBC мәліметінше, ол арызды 2025 жылдың мамырында түсірген.
Еске салайық, бұған дейін Лондон соты ұлыбританиялық актер әрі комик Рассел Брэндті 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алқабилер оны зорлау және жыныстық зорлық-зомбылықтың үш дерегі бойынша кінәлі деп таныған еді.