Ұлыританиялық актер Рассел Брэнд 10 жыл 6 айға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Лондон соты ұлыбританиялық актер әрі комик Рассел Брэндті 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алқабилер оны зорлау және жыныстық зорлық-зомбылықтың үш дерегі бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Саутуарк корольдік сотындағы отырыста жәбірленушілердің мәлімдемелері тыңдалды. Олардың бірі сотқа жеке қатысқанымен, судьядан басқа ешкім көре алмайтындай перденің артында отырды. Қалған жәбірленушілердің жауаптары оқылды.
Сотқа өзі қатысқан әйел Рассел Брэндтің әрекеттерінен кейін бірнеше апта бойы «есеңгіреп, қатты күйзелгенін» айтты. Ал прокурор оқып берген тағы бір жәбірленушінің мәлімдемесінде актердің қылмыстық әрекеттері оның өміріне ұзақ уақыт бойы кесірін тигізгені жазылған.
Үшінші жәбірленуші 2009 жылы Брэнд зорлағаннан кейін ұйықтап, тамақ ішу қиынға соққанын, жұмыстан уақытша кетіп, ата-анасының үйінде тұруға мәжбүр болғанын жеткізді.
Ол өз мәлімдемесінде: «Мен күн сайын салдарымен бетпе-бет кезігетін жарамен өмір сүріп келемін», — деген.
Төртінші жәбірленуші Брэндтің жыныстық зорлық-зомбылығынан кейін адамдарға деген сенімін жоғалтқанын айтты.
BBC жазуынша, 5 қарашада Лондонның Саутуарк ауданындағы корольдік соттың алқабилері 51 жастағы Брэндті төрт айып бойынша кінәлі деп таныды. Оның ішінде бір зорлау және жыныстық зорлық-зомбылықтың үш дерегі бар. Актер тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтып келеді.
Жалпы, Брэндке 1999-2009 жылдар аралығында алты әйелге қатысты жасалған жеті қылмыс бойынша айып тағылған. Бұл кезеңде актер британиялық шоу-бизнесте кеңінен танылып келе жатқан еді.
Рассел Брэндке қатысты сот процесі 12 қазанда басталды. Алқабилер жәбірленушілердің, куәгерлердің және актердің өз жауабы тыңдады.
28 қазанда болжамды жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынғаннан кейін актердің өзі де алқабилер алдында сөз сөйледі. Ол өзіне тағылған айыптарды «жан дүниесіне ауыр соққы болған жағдай» деп атап, бұл оқиғалар өміріне «қатты әсер еткенін» айтты. Сондай-ақ жыныстық қатынасқа келісім беруді «негізгі қағидат» деп есептейтінін жеткізді.
BBC тілшілерінің сот залынан хабарлауынша, бейсенбі күні кінәлі деп тану туралы шешім жарияланған кезде Брэнд орнынан қозғалмай, ешқандай эмоциясыз отырған.
Жаңа айыптар
Белгілі болғандай, Рассел Брэндке қатысты тағы екі әйелдің зорлау туралы мәлімдемесіне байланысты жаңа тергеу басталған.
Журналистердің мәліметінше, осы арыздарға байланысты актерден полиция жауап алған.
Рассел Брэндтің фильмографиясында «Ұшып кету» романтикалық комедиясы, «Вегастан қашу» комедиялық фильмі бар. Сондай-ақ ол «Жексұрын мен» және «Жексұрын мен 2» мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді дыбыстаған. Кейінгі жылдары актер YouTube арнасын белсенді жүргізіп, түрлі қастандық теорияларына арналған видеолар жариялап келген.
Еске салайық, бұған дейін Италияда қыз зорлаған бразилиялық футболшы жазасын туған елінде өтейтінін жазғанбыз.