Жерде екі адамның жатқанын, қан мен гильзаны көрдім: Шерзаттың сотында куәгерлер жауап беріп жатыр

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында куәгерлер жауап беріп жатыр. 

Тағы бір куәгер — Арлан Құсайынов.

Оның айтуынша, сол түні ол әкімдік ғимаратының жанында жүрген. Сол сәтте оның досы Даниярға анасы қоңырау шалып, атыс болғанын айтып, дереу үйге қайтуын ескерткен. Соған қарамастан, олар үш көлікпен оқиға орнына баруға шешім қабылдайды. Арлан төбелеске қатысқандардың ешқайсысын танымайтынын жеткізді.

— Біз көліктерге мініп, автобазаға қарай жүрдік. Мен соңғы болып келдім. Маған досым қоңырау шалып, сөйлестік, содан соң мен оқиға орнына жақындадым. Ол жерде адамдар тарай бастапты, көп адам жоқ еді. Ешқандай күдікті нәрсе байқамадым, айғақтарға да мән бермедім. Кейін Даулет Мұхамедияровпен бірге досымыз Эмиль Мамедовтың жұмыс орнына бардық, ол көше бойымен жоғары орналасқан, — деді Арлан.

Біраз уақыттан кейін олар қайтадан оқиға орнына оралған. Сол жерде бейтаныс бір әйел болған. Ол біреудің қайтыс болғанын айтқан.

Содан кейін Арлан кетіп қалған. Соттағы сұрақтарға жауап бере отырып, ол сол түннен кейін достарымен хабарласпағанын жеткізді, себебі олармен жақын араласпайды.

Тағы бір куәгер — Данияр Жанболатұлы. Ол да жәбірленушілерді де, айыпталушыларды да танымайды.

Қазанның 3-нен 4-іне қараған түнде ол жаттығудан кейін достарымен әкімдік маңында жүрген. Бір уақытта анасы хабарласып, қайда жүргенін сұраған. Содан кейін бәрі бірге дүкенге барған.

— Мен оқиға орнына Арлан Құсайыновпен бірге келдім. Барған кезде ол жерде жарақат алған жігіттер болды, шамасы олар Шерзаттың достары болса керек. Біреуінің басы қан болды, ал қалғандары қорқып, абыржып тұрды. Біз не болғанын нақты түсінбедік, жай төбелес шығар деп ойладық. Біраз тұрған соң Юлдаш пен Арлан бір жаққа кетіп қалды. Қайда және не үшін кеткендерін мен білмеймін, — деді Данияр сотта.

Үшінші куәгер Дәулет Мұхамедиярұлының айтуынша, оқиға орынына барған кезде жерде жатқан екі адамды көрген.

— Мен жерде жатқан екі адамды, қан және гильза көрдім. Олар қозғалмай жатты. Артынша ер адам жерде жатқандардың біреуін көтеріп, машинаға салды. Екіншісі есімде жоқ. Содан кейін шамамен бес минуттан соң полицейлер келді, — деп жауап берді куәгер.

Айта кетейік, айыпталушылар орындығында тоғыз адам бар, олардың бірі кәмелетке толмаған.

Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді

Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді

Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді

Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөспірім қайтыс болғанын жазған едік

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды