Жергілікті полициядағы реформа функцияларды бөліп тастаумен шектелмейді - Н. Әбдіров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті полициядағы реформа функцияларды бөліп тастаумен шектелмейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жергілікті полиция қызметі тақырыбына арналған Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті.

«Ұлт Жоспарының 30-шы қадамын сәтті жүзеге асыруы, жергілікті билік пен полиция президенттік реформаның маңызын қаншалықты дұрыс және терең түсінетіндігіне тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Реформа тек қана функциялар мен өкілеттіктерді бөліп тастаумен шектелмейтіні анық. 30-шы қадамды жүзеге асыру стратегиясы үшін жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдар мен полицияның өз-ара бірлескен түсінушілігі маңызды болуы қажет»,- деді депутат.

Оның айтуынша, жергілікті полиция секілді жаңа институттың құрылғанына әлі толық бес ай өткен жоқ. Сондықтан да, бұл институтқа баға беруге әлі ертерек.

«Осыны ескере отырып, жергілікті полиция қызметінің қалыптасуы туралы мәселені биылғы жылғы қорытындылары бойынша 2017 жылдың 1 тоқсанында қарауды орынды деп есептейміз», деді Н. Әбдіров.