ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы семинар орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысын жолға қоюға арналған практикалық алаңға айналмақ.
-Үш күн ішінде қатысушылар жолдарды жоспарлау, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстары, сапаны бақылау, пайдалану және жол желісін цифрландыру мәселелерін қарастырады. Негізгі назар жергілікті жолдардағы нақты проблемалар мен оларды шешу жолдарына аударылады, – деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров.
Іс-шараға Көлік министрлігінің өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, әкімдіктердің бейінді басқармаларының басшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың, жобалау және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Семинардың негізгі бағыттарының бірі – өңірлердегі жол жұмыстарының негізделген жоспарларын қалыптастыру. Бұл ретте жолдардың нақты жай-күйі ескеріліп, диагностика нәтижелері негізінде басым учаскелер айқындалады. Сондай-ақ жөндеу түрлерін нақты ажыратып, қабылданатын шешімдерді жолдың нақты жағдайымен байланыстыру көзделіп отыр.
Жобалау мәселелеріне де жеке көңіл бөлінеді. Қатысушылар жобаларды алдын ала сараптау, жол төсемінің үлгілік конструкцияларын қолдану, BIM-жобалауды енгізу, сондай-ақ жолдың негізі, көлік жүктемесі, климаттық жағдайлар мен жергілікті материалдардың қолжетімділігін ескере отырып, тиімді конструктивтік шешімдерді таңдау мәселелерін қарастырады.
Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын бақылау да семинардың маңызды бағыттарының бірі. Зертханалық бақылау, сынама алу және сынақ нәтижелерінің дұрыстығы, битум, қиыршық тас пен асфальтбетон сапасы, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда қабылданатын шаралар талқыланады.
Тағы бір маңызды бағыт – облыстық және аудандық маңызы бар, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріндегі салынған және жөнделген жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Қатысушылар жолдарды күтіп-ұстау, маусымдық жұмыстар, қажетті техника мен материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне қойылатын шектеулердің сақталуын қоса алғанда, жол желісінің сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.
Семинар барысында жол саласына арналған цифрлық шешімдер де таныстырылады. Олар жол желісінің жай-күйі мен жұмыстардың орындалу барысын бақылауға, анықталған кемшіліктерді тіркеуге және осы деректерді басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі жолдарды диагностикалау және басым бағыттарды айқындаудан бастап жобалау, құрылыс, жөндеу және кейінгі күтіп ұстауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірыңғай басқару тәсілін қалыптастыруды көздейді.
Семинар қорытындысы бойынша нақты шаралар, оларды іске асыруға жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері айқындалады. Сонымен қатар өңірлердің жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жоспарлануда.
Іс-шара 2 қазанға дейін жалғасады.
Осыған дейін халықаралық автотасымалдарға рұқсат беру тәртібі қайта қаралатыны туралы жаздық.