Жерін даулаған ақтөбелік қария облыс әкімдігінің алдына жылап барды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында тұратын Нәтипа Сегізбаева жерін даулап, облыс әкімдігінің алдына жылап барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Әйтеке би ауданында тұратын Нәтипа Сегізбаева Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуді күтіп жүр. Бүгін қария облыс әкімдігінің ғимаратына келіп, баспалдақта өңір басшысын күтіп отырды.

«Жер дауымен келдім. Қолымда жер учаскесіне меншік құқығын, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін акт бар. Акт бойынша 498,8 гектар жер «Айналайын» шаруа қожалығына тиесілі. Бұл жер актісі 1997 жылы берілді. Соңғы 3 жылда жерімді басқа шаруа иемденіп отыр. Мен араша сұрап, әділдік іздеймін»,- деді Нәтипа Сегізбаева.

Қария бұл мәселелерді айтып, Әйтеке би ауданының әкімдігіне барған. Енді құқық қорғау органдарына арыз жазбақ. Бұл проблеманы аудан әкімдігі біледі.

«Нәтипа Сегізбаеваның шаруа қожалығы бар. Сегізбаевтарға тиесілі «Айналайын» шаруа қожалығының жанында «Ақжол» шаруа қожалығы орналасқан. Олар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жұмыс істеп жатыр. Ал қария «менің жерімді пайдаланып жатыр, маған өтемақы төлеу керек» деп әкімдікке шағымын айтып келді. Бірақ көрші шаруашылық ол адамның жерін пайдаланып отырған жоқ. Аудандық әкімдік комиссия құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әйтеке би аудандық жер қатынастар бөлімі облыстық жер инспекциясын шақырып, комиссия тексеру жүргізді, қорытындысын айтты. Негізі «Айналайын» шаруа қожалығының жері бос жатыр»,- деді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов.

Айта кетейік, облыс әкімдігі жанында отырған қарияны полиция қызметкерлері алып кетті.