Облыстық экология департаментінің мәліметінше, бұған дейін компанияға мұнай өнімдерін қайта өңдеу және жол-құрылыс материалдарын өндіру үшін 6,0790 гектар жер учаскесі 49 жылға жалға берілген.
Кәсіпорын аумағында шамамен 8 мың тонна мұнай қалдығы қайта өңделген. Алайда кейін компания жалдау шарты бойынша міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған.
Сот жалдау шартын жарамсыз деп танып, «Уралэнергострой» ЖШС-нен мемлекет пайдасына экологиялық залалды өтеу үшін 651,6 млн теңге өндіру туралы шешім шығарған.
Сонымен қатар сот компанияны аумақтағы салынған нысандарды бұзып, жер учаскесін босатуға және төгілген мұнай өнімдері мен қалдықтарды тазартуға міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енген. Алайда берешекті борышкерден өндіріп алу мүмкін болмағандықтан, атқарушылық құжат қайтарылған.
- Қазіргі уақытта аумақта қалған шамамен 9 мың тонна қалдық тиісті аудандық бөлімнің балансына қабылданды. Аумақты қалпына келтіру үшін рекультивация жобасын әзірлеп, зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ жобалау-іздестіру жұмыстарын орындау қажет. Алайда бұл мақсатқа аудандық бюджетте қаражат қарастырылмаған. Осыған байланысты нысанды облыстық коммуналдық меншікке беру мәселесі қаралып жатыр, - делінген хабарламада.
Бұған дейін, Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынған еді.