НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысындағы Сарқан шатқалы аумағында шекарашылар күдікті көлікті тоқтатып, одан жойылып кету қаупі бар өсімдік түрінің ондаған тамырын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«13 маусымда мемлекеттік шекараны күзету қызметі барысында Жетісу облысы Сарқан ауданының «Сарқан» шатқалы ауданында Қазақстан Республикасы азаматының басқаруындағы «Ауди» автомашинасы тоқтатылды. Көлікті тексеру кезінде 33 дана Қызыл кітапқа енген бозғылт гүлді рябчик өсімдігінің тамыры табылды», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, бұл гүл ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 қаулысымен өсімдіктердің жойылып кету қаупі бар түріне жатқызылған.
Еске салсақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанда дәрілік шөптер ретсіз жиналып, шетел асып жатқанын айтқан болатын.
Сондай-ақ, Түркістанда дәрілік шөп қазып жүрген 23 өзбек азаматы ұсталған еді.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.