Жетісу облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 17 адамды эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM — Алакөл ауданы Көктұма станциясынан 35 шақырым қашықтықта үш жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Олардың ішінде 14 адам болған.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері дереу жетті. Құтқарушылар барлық жолаушыларды эвакуациялап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Сондай-ақ Сарқан ауданы, Лепсі ауылынан 15 шақырым қашықтықта, Балқаш көлінің жағалауында техникалық ақауы бар автокөлік жолда қалған. Құтқарушылар мұнда 3 адамды эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
— Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге ауа райын ескере отырып, қарлы және шалғай жолдарда қозғалыс кезінде сақтық шараларын сақтауды ескертеді, — делінген ақпаратта.
Бұған дейін Жамбыл облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 15 көлікті шығарғаны туралы жаздық.