Жетісу облысында Mercedes көлігі аударылып, бір адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысындағы Талдықорған — Үштөбе автожолында болған жол апатынан бір адам көз жұмып , тағы бір адам жарақат алды.

Фото: pexels

Жол-көлік оқиғасы аталған автожолдың 21-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.

Апат салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмды. Ал жарақат алған екінші адам медициналық мекемеге жеткізілді.

— Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Қазір апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, — деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескеруге әрі көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы бірі ауруханаға жатқызылған болатын.

Бұдан бөлек, Көлік министрлігі жыл басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда тіркелген жол-көлік оқиғаларының статистикасын жариялап, апаттардың негізгі себептерін атаған еді.