Өңір басшысының айтуынша, 2024 жылы республикалық маңызы бар «Талдықорған-Үшарал» және «Үшарал-Достық» жолдары толық жаңартылды. «Сарыөзек-Қорғас» бағытындағы жол биыл толық жөндеуден өтті.
– 2023-2025 жылдары жергілікті маңызы бар 1 138 шақырымнан астам жол жөнделді. Облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетті. Молалы айналмасынан Балқаш көліне дейінгі жол биыл жаңғыртудан кейін ашылды. Жол жиегін абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, нысанды келесі жылы қабылдап аламыз, – деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген сұхбатында.
Ал былтыр Балқаш көліне дейін «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. 2026 жылы «Талдықорған – Үштөбе» жолына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, Жетісу облысында орталық су жүйесімен қамту 99,9%-ға жетті, газдандыру деңгейі жыл соңына дейін 72% болады.
Сондай-ақ, Жетісуда апатты немесе үш ауысымды мектеп жоқ.