Жетісу облысындағы «Ардагерлер саябағына» іргелес жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының прокуратурасы «Ардагерлер паркі» аумағына іргелес жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Фото: АШМ

Бұл жөнінде 2026 жылғы 12 қаңтарда қадағалау органының баспасөз қызметі мәлім етті. 

– Талдықорған қаласының прокуроры берген талап-арыз бойынша сот жеке тұлғаға «Ардагерлер паркі» аумағына іргелес 4,1 гектар жер телімін заңсыз беру фактісін танып, аталған жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады, - делінген хабарламада. 

Қадағалау барысында бұл жер телімінің орман-саябақ аймағына жататыны және 2006 жылы заңсыз түрде жекеменшікке берілгені анықталған. 

– Кейіннен жердің иесі бұл аумақты 44 бөлек жер теліміне бөліп, оларды 13 жеке тұлғаға сатқан, - деп нақтылады Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енгені де атап өтілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында 82 млн теңгеге бағаланған жер мемлекетке қайтарылғанын жазғанбыз.